Бауыржан Игілік

Сіз мұндасыз:
< Артқа

Семей қаласындағы «Дариға-ай» жастар театрының әдеби бөлім меңгерушісі.

Халықаралық мүшәйралар мен поэзия фестивальдерінің жеңімпазы.

 

Тәубе

 

Аунаған бір мезгілде кеш – іңірге,

Апам алды –ақ өлең бесігімде,

Көп естуші ем  күбірлеп ұмайымның

Тәубе — деп отырғанын осы күнге.

 

Естуші едім көп аңыз, көп ертекті,

Кәриясі о күннің келер текті.

Естуші едім қанпезер әлдекімнен

Қоңыр елді наһақтан көрер тепкі…

 

Апам – аңыз жарықтық, атам – абыз,

Көк әлемнен көз жетпес хат аламыз.

Сорпа жұтып, сорлы елдің сырын жұтып,

Сіңіре алмай ас үсті қақаламыз.

 

Қағып қойып желкеден «май қабымен»,

Желеді әрмен ертегі майдакүрең.

Қауыштырып қайдағы-жайдағымен,

Пысылдап қайран апам шай бабымен:

 

— Ертеде бұйырмыссыз ел болыпты,

Теріскей мен күнгейге тең қоныпты,

Еркіндетер езгіден ер табылмай,

Еңіресе етегі көл болыпты…

 

Көп аңгіме солайша сабақталар,

Ал,бізде жан қалмайды тағат табар.

Бір заманда туады Ер.

Қуанамыз!

Тамсап қойып, қосқандай тамаққа бал.

 

Сәтінде ғұмыр сүріп бір апталық,

Кетеді әлгі батырға қуат дарып.

Айшылықты алты аттап біздің ағай

Жалмауызды жеті бас бір-ақ қағып…

 

Тұлпары мен тұрпаты тым-ақ ерен,

Саусағы – өнер,бойы – күш,ұраны – өлең!

Әңгімеден жанданып ішімізде

Бір-бір батыр дәп сондай шыға келер.

 

Тау көтеріп, қандырып шөлін елдің,

Нұр дидарлы зау көктен көрінер Күн.

Көрінер Күн, нұрына қарай алмай,

Ағып түсер көздері перілердің.

 

Жадырасып соңында, ірге кеңіп,

Жұлдызды Аспан жамылып, нұр бөленіп,

Тәп-тәтті бір ғайыпқа сіңеміз-ай

Ертегінің жалғасын түннен еміп…

 

Кеудесінде тұтанып  бал шағымен,

Аластар деп шайтанды арша-жүрек,

Ертегіге сыйдырып айтады екен

Ер Қазекем Арманын Аңсарымен…

 

Балалығым…

Қайраным…

Кемді күнім…

Естиді екен Тәңірі ел күбірін!

Өз көзіммен көрем деп ойлап па едім

Өң бейнесін Едіге ерлігінің?!

 

…Нұрлы дала, нұрлы өмір, қош-құбыла.

Бабамыздан жыр – мұра, тәспі – мұра.

Апам айтқан аңызды есіме алып,

Бас қоямын «тәубе»- деп жастығыма!

 

 

******************

 

Селебе жаңбырдың астында,

Үдеген дауылдың өтінде

Отырмын тұтатып бір шырақ…

Сүйіекті жалайды қара жел

Бұралқы қаншықтай қыңсылап.

Өткенім — ақсөңке сүйекті,

Тарихым — қанжардай қан жұққан.

Жағым-жар, тілім-кез…Өтірік

Ұрандап дауысым қарлыққан.

Даңғаза-дақпыртқа малданып,

Бұқарам шуылдап ұлардай,

Құдайға сатқындық жасадым

Әлмисақ антында тұра алмай…

Қайнатып, қаймағын сылдым да

Өзегім жалғадым көк сүтпен…

Жүргенім — бұралаң тарнау жол,

Өңешім босамай өксіктен…

Күндердің бір күні болғанда:

Қолымнан түскенде кісенім,

Мойынымнан түскенде ажырғым,

Шоқтығым тұрманнан құтылып,

Аяқтан шешіліп шідерім

Ұлы бір таудың тасынан

Қалжырап маңдайым тіредім…

Сөнейін деп қалған жүректің

Қоламта шоғымен қолдағы

Кішкентай шырақты тұттатым…

Сұқтанған көздермен оқылып,

Парақсыз қап қойған кітаппын…

 

Селебе жаңбырдың астында,

Ышқынған дауылдың өтінде —

Сығырая жанған шырағдан

Ол менің тәуелсіздігім ғой

Сөндіре көрмеші бір Аллам!…

 

Үміткерлерге дауыс беріңіз:

Үміткерлер

Дауыс беру нәтижесін қарау

Загрузка ... Загрузка ...