Мұхтар Күмісбекұлы Күмісбек, Алматы облысы

Сіз мұндасыз:
< Артқа

Күмісбек Мұхтар Күмісбекұлы 1995 жылы шілденің 25 күні Алматы облысы Балқаш ауданына қарасты Бақбақты ауылында дүниеге келген.  І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің түлегі. «Арман тамшылары», «Алфавиттегі алты әріп» атты қос жинақтың авторы. Республикалық және облыстық жыр мүшәйралардың жүлдегері. Бүгінгі таңда Алматы облыстық қоғамдық-саяси «Жетісу» газетінде қызмет атқарады.

 

Апа, қашан барамыз Астанаға?!
Апа, білсең ол жақта аура басқа,
Ауасының дәмі бар, дауға тоспа.
Түкірігін шашқанда аспан жерге,
Түк шығады деседі тауға, тасқа.
Бұзау қуып шаршадым бос далада,
Апа, қашан барамыз Астанаға?!
Мұнаралар ертегі пішіндегі,
Мұң атауын мүжиді кісідегі.
Ішім сезіп тұрғаны, сол жақта жүр,
Сол баяғы үр қызы түсімдегі.
Қой баласы өрістен дос таба ма,
Апа, қашан барамыз Астанаға?!
Кесенелер бабамды еске салар,
Кеселіңді емдейді кешкі самал.
Еркетотай Есілді ермек қылар,
Есері бар адамның естісі бар.
Әлде, асқақ арманым аш қала ма,
Апа, қашан барамыз Астанаға?!
Көрші үйдің ұлының айтуынша:
Жұлдыз көзің жұмады, ай тығылса.
һәм сол жақта кіндігі кесіледі,
Жаңа басшы, жаңа бір ой туылса.
Бай мен кедей арасы баспана ма?
Апа, қашан барамыз Астанаға?!
Алып шаһар айналып айбыныма,
Байланғандай дүние байлығыңа.
Әпкең құда түскелі отыр балам,
Осы жолғы әкеңнің айлығына.
Қашып кетпес Елорда, басқа араға,
Әйтеуір бір барармыз Астанаға!
О, Астана, ауылдан дұғай сәлем,
Сен мұңайма, егер де мұңайса әлем!
Ой-қырынды суреттер едім, бірақ,
Ойлай алмайды екенмін Құдайша мен.
Бақыт құсы қоныпты бас қалаға,
Апа, қашан барамыз Астанаға?!
Отан ұғымы
Жо-жоқ, досым,
Отаның сенің отбасың,
Отанын сатқан опа таппайды.
Оттасын.
Жабылып бәрі даттасын,
Жауына шықсын жақтасын.
Отанға деген сезімнің,
Алдыра көрме қақпасын!
Ойыңды жина, бойыңды тікте, еңселім,
Көзіңнен көрем келелі жігер мен сенің.
Ұлтыңның ойлап ертеңін,
Рухыңның майлап семсерін.
Өлуге бүгін дайын бол,
Еркіндігіңді емсе мұң.
Жөнсіз налыма, өкініш алсын өрнектеп.
Жеңілсе сында, батырды тұрар кернеп кек.
Сен тұрсаң мында дірдектеп,
Ұрпағың кімді үлгі етпек?!
Жеріңді жауға тонатпа,
Жампоздар жиған тірнектеп.
Мерейі үстем, пейілі аппақ сүттей бал,
Топырағын сүй, тамырына бер титтей нәр.
Жеңіске өзің жетпей қал,
Жапа шек мейлі, көп қинал.
Қадірлемесең xалқыңды,
Құрып кетуі ықтимал.
Тіліңді түзе, дініңе көрсет тура жол,
Тариxыңды біл, түйсіксіздерге қылма қор.
Халқыңа болшы сүйеу зор,
Салтыңды сыйла, киең – ол!
Иесіз қалсын демесең,
Иен далаңа ие бол!

 

Үміткерлерге дауыс беріңіз:

Үміткерлер

Дауыс беру нәтижесін қарау

Загрузка ... Загрузка ...