Рауан Ержанұлы Қабидолдин

Сіз мұндасыз:
< Артқа

Рауан Ержанұлы Қабидолдин – ақын, журналист. 1989 жылы 14 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. 2007 жылы Өскемен қаласындағы Жабыл атындағы дарынды балаларға арналған мектеп гимназия-интернатын тәмамдап, сол жылы академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқу қабылданған. Аталған университетті 2011 жылы аяқтап, Шығыс Қазақстан облысына қарасы Зырян ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінде маман, кейін Қарағанды қаласындағы Н.Гоголь атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында абонемент бөлімінің қызметкері, облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығының редакторы қызметтерін атқарған. 2014 жылы жоғарыда аталған білім ордасының филология факультетіне қарасты «Журналистика» кафедрасының магистранды атанды. 2015 жылы облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне қызмет ауыстырды. 2016 жылы оқуын аяқтап, магистр атанды. Бүгінгі таңда облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің аға тілшісі.

 

2007 жыл«Үздік әдеби шығарма» номинациясы бойынша Қарағанды қаласы әкімінің «Дарын» жастар сыйлығының иегері

2007 жыл – 1 орын – облыстық Мұқағали Мақатаев атындағы мүшәйра.

2007 жыл – 1 орын Облыстық Мұқағали Мақатаев және Оралхан Бөкей оқулары.

2012 жылҚарағанды облысы әкімінің «Жыл ақыны» номинациясы бойынша дипломант.

2013 жыл —  Қарағанды облысы әкімі атындағы «Қайнар» сыйлығының дипломанды.

2012 жыл2 орын, Республикалық Мұқағали Мақатаев атындағы мүшәйра. (Талдықорған қаласы)

2012 жыл1 орын, облыстық «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс…» мүшәйрасы, (Балқаш қаласы)

2012 жылоблыстық Қасым Аманжолов атындағы мүшәйрада арнайы жүлде.

2012 жыл2 орын, Мағжан Жұмабаев атындағы облыстық «Мен жастарға сенемін…» мүшәйрасында

2012 жыл3 орын, «Бұқарекең жырлайды» облыстық конкурсының  «Бұқар жырауша» мүшәйрасы номинациясы бойынша

2013 жыл2 орын, «Бұқарекең жырлайды» облыстық конкурсының  «Бұқар жырауша» мүшәйрасы номинациясы бойынша

2014 жыл Бас жүлде, Жұмабек Тәшенев атындағы «Жылдың үздік ақыны» мүшәйрасында

2014 жыл«Ақ қайың болсын есімің…» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді.

2015 жыл – Бас жүлде,  Облыстық Ақселеу Сейдімбеков атындағы байқаудың поэзия жанры бойынша.

2017 жыл – 1 орын, Қасым Аманжолов атындағы облыстық мүшайрада.

 

Өлеңдері облыстық, республикалық басылымдарда жарияланып тұрады. Ақын ретінде өмірі мен өнер жолы «Қазақстан» ұлттық арнасының «Поэзия әлемі» бағдарламасында көпшілік назарына ұсынылды.

 

Азаттық!

 

Уа, Азаттық, Нұрсың сен!

Күлтегіннің жазуында тұрсың сен,

Көкбөрінің азуында тұрсың сен!

 

Бәйтеректің бұтағындай жайқалып,

Самұрықпен самғап көкті қайталық!

Сені берген Тәңір неткен дәулетті,

Сені көрген халық неткен бай халық!

 

…Сені көрдім, көрдім көзімді аштым да,

Өр Алтайда – көк аспанның астында!

Сарыарқада – сары белдің үстінде,

Көрдім сені!

Көрдім!

Көктен түстің де,

Ғайса құсап, өне-бойың нұрланып,

Айналаңа сәуле төктің бір қанық.

…Ұл да сенен көзін алмай қарады,

Құл да саған қарап тұрды …ұрланып!

 

Қарап тұрды!

Көкірегі шерменде.

Көксей-көксей көктен түсіп келген де,

Жаңғырамыз дедік Рухқа айналып,

Жаңғырамыз дедік сені көргенде!

 

Уа, Азаттық, киелім,

Алла өзі бере салған сый едің!

Енесіне ерген құлын секілді,

Еркіндікті елден ерек сүйемін.

Жарам десең, міне, менің жүрегім,

Алам десең, міне, менің сүйегім!

 

 

Мен солай сезінемін Жаңғыруды…

 

Тас та бір, тамыры жоқ ағаш та бір,

Тамырсыз адамменен таласпа құр.

Рухани ергежейлі болмаса да,

Жаңғыру керек еді Алашқа бұл.

 

Қайратың – қайраңдап бір ол да семер,

Қайратсыз қалсаң не бар сонда сенер?

Ұлардай улап-шулап кетеміз-ау,

Ұлттық код,

Ұлттық сана болмаса егер.

 

Жаппай бір жаһандану шаққа келіп,

Тәрк етіп талай рухтан аттап едік.

Мерейі үстем болса мәрт қазақтың,

Берейін жүрегімді қаққа бөліп.

 

Алаш деп айтама деп атымды әлі,

Алқынып, қайран жүрек лапылдады.

Халық пен әудем жұрттан тіл ұқсам деп,

Қаріпке қайта үңілдім латындағы.

 

Болашақ – маған да сын, саған да сын,

Өр Рухым – қайрап салған қара алмасым.

Мен солай сезінемін Жаңғыруды,

Сен қалай сезінесің, замандасым?

 

 

Аспаннан түскен менің Алтын Ордам

 

Адамзат, санаң – сарсаң, ойың – әлек,

Сойқанға салса дағы мойымап ек.

Алты Алаш аң-таң қалып қарап отыр,

Абдырап Қараөткелдің бойына кеп.

 

Жат жұртқа есімі – ерек, елесі – арман,

Дін – діңгек қағып сенде кеңесе алған.

Аспаннан түскен менің Алтын Ордам,

Алланың өзі көктен бере салған.

 

Көре алмай шағылысып көзіме күн,

Керемет күндеріммен кезігемін.

Елорда – Еркіндікпен егіз ұғым,

Апыр-ай, Азаттықтың өзі ме едің?

 

Қанатын қағып-қағып қомдаса елі,

Самұрық құстай көрем сонда сені.

Емініп Еркіндік деп айтамыз-ау,

Еркіндік – Елордасыз болмас еді.

 

Алты Алаш – әлемде жоқ мұндай халық,

Көрген жоқ кірпігіме мұң байланып.

Астана – Азат елдің алдаспаны,

Сүйемін,

Сүйем сені күнге айналып!

 

Үміткерлерге дауыс беріңіз:

Үміткерлер

Дауыс беру нәтижесін қарау

Загрузка ... Загрузка ...