Әлішер Әлімжан Әлішерұлы

Сіз мұндасыз:
< Артқа

Әлішер Әлімжан Әлішерұлы 1994 жылы ОҚО, Бәйдібек ауданы, Жиенқұм ауылында дүниеге келген. Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті.
ОҚО-ның 2014 жылғы «Ең үздік жыл ақыны» номинациясының иегері.
Халықаралық XIX «Шабыт» фестивальінің лауреаты. «Әмірхан Балқыбек» атындағы сыйлықтың иегері.

 

«Дала дейтін,
Күн дейтін.
Қазақ осы: «Өнер алды – тіл» дейтін.
Қазақ осы:
Қарасың ба,
Ақсың ба,
Қоңырсың ба,
Жатырқауды білмейтін…»
Қадыр Мырза әлі

 

ҚАЗАҚ ШЫҒАР

Қазақ шығар шақпақ тастан отты үзіп,
Жарығын да, жылуын да аңғарған.
Қазақ шығар көпке сөзін өткізіп,
Ең алғашқы қаған болған,
Хан болған.

Маған тиген сөз оған да тиеді,
Бəрін салып үйренгенмін ақылға.
Қазақ шығар қалам ұстап киелі,
Ең алғашқы өлең жазған ақын да.

Тұмсығында басталғанда тіршілік,
Зау биіктен көзін тіккен Тұранға.
Қазақ шығар көкке қарай құлшынып,
Ең алғашқы қанат қаққан қыран да.

Өршілдігі өткірлікпен бағамдас,
Апанына əлімсақтан бас тұлға.
Қазақ шығар азу тісі-ақ алмас,
Алғаш етке жерік болған қасқыр да.

Тұлпарлардай төзімшілдік жоқ-ты асқан,
Елемейтін кетсе-дағы жидіп тер.
Қазақ шығар тұяғынан от шашқан,
Құлагердің бабалары, жүйріктер.

Өз еңсесін түсірмеген ,о, бастан,
Төбесінен бұйра бұлттар ауғанда.
Қазақ шығар аспанменен таласқан,
Көк тіреген биік-биік таулар да.

…Туыс дейміз онсыз да біз көп елді,
Ойға батып ақыр соңы күлдім мен.
Адам ата Хауа ана да әуелгі,
Қазақ болған шығар бәлкім кім білген?!

 

Біздің ҮЙ

Қабырғасы әкпен емес, мейіріммен сырланған,
Ошағы бар оттан емес, маxаббаттан буланған.
Шатырына қонған күліп түрлі қиял, түрлі арман,
Бұл біздің үй, асаси бір әлденемен нұрланған.
Биігі бар өзіне сай, өзіне тән көгі бар,
Тағы бір үй салатындай біраз кітап қоры бар.
Құран етіп төріне ілген судай тұнық иман бар,
Тек қазақша көрсететін шағын теледидар бар.
Сүре сіңген санасына даналық бар қартында,
Балалық бар ешбір айырбасталмайтын алтынға.
Әке ұлылығының тура сөзі бар,
Ана жылылығының тұнба көзі бар.
Әрбір күні — мерекесі өнегеге айналған,
hәм бірлігі, берекесі керегеде байланған.
Сәбилерін еш майыспай тік тербеген бесік бар,
Кеш болса да құлыптанбайтын бәріне ашық есік бар.
Мұражайға қойылмаған тірі алтын адам бар,
Және осыны жазып шыққан сиясы көк қалам бар.
Бары тағы тіршілігі,
Болмысы сол баяғы,
Міне, осындай біздің үйдің, ізгі күйдің бояуы.

 

Үміткерлерге дауыс беріңіз:

Үміткерлер

Дауыс беру нәтижесін қарау

Загрузка ... Загрузка ...